Битенова Үміт Қыранқызы
Битенова Үміт Қыранқызы 4.02.1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданында туылған.
1971 жылдың қыркүйегінде алғаш табалдырығын аттаған Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін 1981 жылы үздік бағамен тәмамдап, Шымкенттегі Н.К. Крупская атындағы пединститутқа оқуға түседі. 1985 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін және шетел тілдері факультетінің ағылшын тілі бөлімін үздік бітіріп, мұғалім квалификациясын алған. Сондай-ақ, Қаратау технология, білім және бизнес колледжін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған Үміт Битенованың біліктілік дәрежесі - кеңесші-заңгер. 1985-1993 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданының Ильич атындағы және Үшарал орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беріп, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. 1993-2003 жылдары Қаратау қаласындағы мектеп-лицейде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, психологы болып, кейін мектеп-лицейдің директоры қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары Қаратау қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның тәжірибелік психологы болып қызмет істеген Ү.Битенова қазір Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында шығармашылық бөлім жетекшісі.
Жамбыл облысы Талас аудандық Кеңесінің 1990-1995 жылдардағы депутаты. Қазақстан Жазушылар Одағының (2012 ж.) мүшесі, ҚР Журналистер Одағының (2003 ж.) мүшесі, Қазақстан Авторлары қоғамының (2004 ж.) мүшесі, ҚР Театр қайраткерлері Одағының (2010 ж.) мүшесі, ҚР Білім беру ісінің (2000 ж.) үздігі, Қарағандыда (2000 ж.) өткен мұғалімдердің I Республикалық олимпиадасының жеңімпазы, ҚР Мәдениет саласының (2013 ж.) үздігі. Жамбыл облысының (2013 ж.) «Жыл патриоты». Талас ауданының Құрметті (2014 ж.) азаматы. ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы Әкімінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық Мәслихатының Құрмет грамотасымен т.б.марапатталған. «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.